Вакциналау паспорты Ashyq жүйесімен біріктіріледі

Биыл 1 шілдеден бастап вакциналау паспорты мен Ashyq қосымшасы біріктіріледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Екпе құжатына адамның иммундау науқанында қандай вакцина алғаны, дозасы және салынған күні туралы мәліметтер жазылады. Ал Ashyq – кәсіпкерлерге карантин кезінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін мобильді қосымша. Ол қоғамдық орындарға баратын адамдарды тіркеп, кәсіп иесіне коронавируспен ауырған адамдар туралы ақпарат береді. Сонымен қатар қазір вакциналау паспортын Халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен интеграциялау мәселесі қаралып жатыр. Бұл орайда айта кетерлігі, бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусқа қарсы егілгендер қатары бір миллионнан асты. Вакцина түрін таңдау аясы да артып келеді.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Бүгін қосымша араб вакцинасын аламыз. Яғни бұл екпе «Синофарм» компаниясының қытайлық технологиясымен өндірілген. Қазіргі кезде осы вакцинаны күтіп отырмыз және оны өңірлерге таратамыз. Осы арқылы бізде халық үшін жаппай иммундау науқанында үш вакцина қолжетімді болады.