Вакциналау науқаны қыза түсті

Қазақстанда сәуір айында қосымша 1,4 млн доза вакцина жеткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде ай соңына дейін 2 млн адамды қатерлі індетке қарсы егуді қамтамасыз етеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Оның дерегінше, бүгінде өңірлерге екпенің 600 мың данасы жеткізілді. Қазіргі уақытта халықты иммундау шаралары 916 екпе пунктінде жүргізіліп жатыр.

Шалғайдағы ауылдар мен адамдар көп шоғырланған орындарда екпе жасау айрықша назарда. Бұл үшін 233 көшпелі топ жұмылдырылған. Жалпы науқанға 10 мыңға жуық медицина қызметкері тартылды.

Айта кетейік, елімізде қыркүйекке дейін иммундауға жататын 10 млн-ға жуық адамды коронавирусқа қарсы егу көзделген.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Біздің міндетіміз – санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина алатындардың санын арттыру. Вакцинациялау графигі нақты сақталсын және сәуір айында, сондай-ақ мамыр мен маусым айларында, жоспар бойынша ай сайын 2 млн адамды вакциналау қамтамасыз етілсін. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге қоғамдық орындарды, соның ішінде сауда орталықтарын пайдалана отырып, вакциналаудың қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырамын. Қоғам тек санитарлық нормаларды сақтау және вакциналау ғана пандемияның таралуын тоқтатып, экономиканың өсуін қамтамасыз ете алатынын түсінуі керек.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов