2021 жылдан бастап тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарлануда

2021 жылдан бастап тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарлануда. Бұл туралы Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндады. Премьер-Министр 29 қараша күні клиникалық сынақтардың 1 және 2-кезеңдерінің аяқталғаны туралы мәлімдеді.

Оның айтуынша, вакцинаның кері әсері анықталған жоқ және оның жоғары тиімділігі тіркелді. 25 желтоқсаннан бастап клиникалық сынақтардың 3-ші кезеңінде аталған вакцина 3 мың еріктіге егіледі. Сынақтар толығымен 2021 жылы наурыздың соңына қарай аяқталады. 

Сонымен қатар Асқар Мамин осы жылдың соңына дейін 2 млн  көлеміндегі отандық вакцинаның алғашқы партиясы шығарылатыны туралы айтты. Алғашқы кезеңде тұрғындардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, яғни дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдардың қызметкерлері қамтылады. 

Өз кезегінде президент Асқар Маминге отандық вакцина өндірісіне қатысты берілген тапсырманы жедел орындағаны үшін алғыс білдіріп, дәрінің тиімділігіне баса мән беруді және тұрғындарға қолжетімді болуын бақылауда ұстауды тапсырды.