Омикрон штамы қаншалықты қауіпті?

Әлем бойынша өршіп тұрған коронавирустың жаңа штамы Қазақстанда да белең алып, жылдам тарап барады. Омикрон белгілері қандай? Қаншалықты қауіпті? Дерттен қалай қорғану керек? Көпшілікті толғандыратын осы текті сауалдарға санитарлық-эпидемиологиялық сараптама маманы Гаухар Нүсіпбаева жауап берді. Маман жаңа штамның белгілері тұмау сынды жедел респираторлық инфекциялық ауруларға өте ұқсас екенін айтады. «Сондықтан оны тек зертханаларда сараптама жүргізу арқылы анықтауға болады», – дейді маман.

Гаухар Нүсіпбаева, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалы директорының орынбасары:

- Қазір тұмау және өткір респираторлық аурулардың маусымы. Сондықтан адам өздігінен бұл дертті анықтай алмайды. Алғашқы белгілері пайда болған сәтте бірден мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Адамдар тест тапсыру арқылы ковид инфекциясын жұқтырғанын немесе өзге де ауру түрімен сырқаттанғанын біле алады.

Мамандардың айтуынша, омикрон штамының КВИ-дің басқа түрлерінен айырмашылығы – инкубациялық кезеңінің аз болуында, яғни 3-5 күн. Сондай-ақ омикрон жылдам тарайды, ол инфекцияның алғашқы күнінде жұғады.

Гаухар Нүсіпбаева, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалы директорының орынбасары:

- Вирустың бұл нұсқасының 30-дан астам аминқышқылдарды алмастыратын мүмкіндігі бар және ол індеттің таралуына жауап береді. Ал дельта штамы таралуы мен жұғуы жағынан төмен. Әрине, алдын алудың бірден-бір жолы – вакцинация. Себебі індет бірінші кезекте екпе алмаған және осы инфекциямен ауырмаған адамдар үшін қауіпті.

Мамандар қатерлі індетті жұқтырмау үшін санитарлық шараларды сақтауға, бетперде киюге, қолды жиі жууға, адамдар көп шоғырланатын жерлерден аулақ болуға, сондай-ақ иммунитетті нығайтуға кеңес береді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов