ҚР ДСМ: елімізде коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек қоры жеткілікті

Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі коронавирустың жаңа толқынымен күресуге дайын. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта қатерлі дертті емдеуге қажетті дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры тұр. Бұған қоса халықты жаппай иммундау және ревакцинациялау үшін вакцина көлемі де жеткілікті. Қатерлі дертке шалдыққан науқастарды қабылдайтын төсек-орындар әзірленген. «Алайда халық сақтық шараларын ескеруді ұмытпағаны абзал», – дейді мамандар.

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

- Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екен деп босаңсуға болмайды. Талаптарды қатаң сақтауымыз керек. Ауруды жұқтырмаудың, жұқтырғанның өзінде өкпенің жасанды желдету аппаратына жетпеудің жолы – барша адамды вакциналау. Ал вакцина алған адамдар уақыты жеткенде ревакцинациядан өтуі керек. Бүгінгі күні елімізде ревакцинацияға «QazVac» және қытайлық «sinopharm», сонымен қатар 60-тан асқан қарияларға «pfizer» вакцинасын салуға рұқсат берілген.

Айта кетейік, эпидахуалдың күрт нашарлауына байланысты елдің бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Құжатқа сәйкес, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар және өзге де ұйым қызметкерлерінің 70% онлайн жұмысқа ауысуы тиіс. Ал мектеп оқушылары мен жоғары және орта білім орындарының студенттері 6 ақпанға дейін қашықтан оқиды.