Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал нашарлады

Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал нашарлады. Соңғы тәулікте коронавирус жұқтырудың 1 945 жағдайы анықталды. Бұл жақында елімізде анықталған омикрон коронавирус штамының таралуымен, мереке күндері халықтың ішкі миграциясының жоғары болуымен, профилактика шараларын жеткілікті сақтамауымен тікелей байланысты. Бұл туралы коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймаққа өтті, Шымкент және Алматы қалалары «сары» аймақта тұр. Қалған 14 өңір «жасыл» аймақта орналасқан. ҚР Премьер-Министрі орынбасарының міндетін атқарушы Ералы Тоғжанов Денсаулық сақтау министрлігіне 2 күн ішінде төсек-орын, дәрі-дәрмек, тұрақтандыру қорларының дайындығына және әр өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің дайын болуына талдау жүргізуді тапсырды.