Бас шаһарда коронавирустың «дельта плюс» штамы анықталды

Бас шаһарда коронавирустың «дельта плюс» штамы анықталды

Елордада коронавирус инфекциясының «дельта плюс» штамы анықталды. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді. Оның айтуынша, деректер молекулярлық-генетикалық зерттеулердің нәтижелерімен расталған.

Айта кетейік, ел астанасы коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша антирейтингте көш бастап тұр. Тек соңғы тәулікте мұнда 68 жағдай расталған. Сархат Бейсенованың айтуынша, вирустың өршуінің басты себептерінің бірі – екпе алу көрсеткішінің айтарлықтай төмендеуі.

Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері:

- Екпе алу көрсеткішін саралай келе, 1-15 желтоқсан аралығында барлығы 12 866 адам иммундалғанын, 16-29 желтоқсан аралығында екпе алу көрсеткіші төмендегенін, яғни 9 949 адам екпе салдырғанын байқаймыз.

Бас дәрігердің айтуынша, вакцина қабылдағандар санының азаюы ұжымдық иммунитетке қол жеткізе алмай, аурудың өршуіне себеп болуы мүмкін.