Қазақстанда 9,2 млн адам ревакцинациядан өтуі керек

Қазақстанда 9,2 млн адам ревакцинациядан өтуі керек

«Ashyq» қосымшасымен «жасыл» мәртебесі бар адамдардың кіруіне рұқсат берілетін нысандар тізімі кеңейеді. Үкімет отырысында бұл ережені халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда келесі жылдың басынан қолданысқа енгізу ұсынылды. Яғни алдағы қаңтар айының 5-інен бастап ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, спорт нысандары, фитнес, йога, караоке, бассейн, сауна, монша мен «Қазпошта» бөлімшелері және ХҚКО-да осындай алдын алу шаралары қолға алынбақ.

Айта кетейік, қазіргі таңда елорда мен Солтүстік Қазақстан өңірі ғана «сары», өзгелері «жасыл» аймақта орналасқан. Соңғы екі аптада қатерлі індетке шалдығу көрсеткіші үштен бірге төмендеген. Эпидахуалдың тұрақтылығын сақтау үшін халықты иммундау науқанына қарқын қосылады. Елді ревакциналауға жеткілікті вакцина қоры бар. 2022 жылдың алғашқы жартысында екпенің қосымша 5 млн дозасын жеткізу жоспарланған.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Жаппай ревакциналау бойынша жұмысты күшейту керек. Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында шамамен 9 млн адам ревакциналаудан өтуі қажет. Ақпарат және қоғамдық даму, Денсаулық сақтау министрліктері және әкімдіктер халық арасында ревакциналау қажеттілігі туралы ақпараттық түсіндіру жұмысын белсенді жүргізуі тиіс.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов