Елімізде «омикрон» штамына байланысты жаңа шектеулер енгізілді

Елімізде «омикрон» штамына байланысты жаңа шектеулер енгізілді

3 желтоқсаннан бастап Қазақстанда «омикрон» штамына байланысты жаңа шектеулер күшіне енеді. Аталған вирус түрін жұқтыру жағдайлары тіркелген елдерден келген жолаушылар вакциналанғанына қарамастан, ПТР-тест тапсыруға және бір апта оқшаулануға міндеттеледі. Коронавирустың жаңа штамының таралуы жағдайында пандемияға қарсы тұру шараларын Қасым-Жомарт Тоқаев ДДСҰ-ның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен талқылады.

Қазақстандық мамандар «омикрон» штамының елімізде пайда болу қаупі айтарлықтай жоғары деп бағалап отыр. Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабулов, оны «дельта» штамына қарағанда қауіптірек болуы мүмкін деп санайды. Жаңа штамның құрамында 32 мутация бар, оның кейбіреуі вакцинаға жоғары төзімділігін көрсеткен.

Сәдуақас Байғабулов, Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Алдыңғы тәжірибе көрсеткендей, жаңадан анықталған COVID-19 штамдары негізінен ауа тамшылары арқылы таралуын ескере отырып, өзге елдерге тез таралатынын айта кеткен жөн. Әрине, тәуекелдер бар. Сонымен бірге жаңа штамды, әсіресе вакцина қабылдамаған топ белсенді түрде жұқтыруда. Сондықтан штамды одан әрі таратпауда коронавирусқа қарсы вакцина қабылдау маңызды болып отыр. Қазіргі уақытта Алматы қаласында «омикрон» штамының белгілері байқалмайды.

Авторы: Әсел Күшенғалиева