Вакцина жүкті әйелдерде аурудың асқынуына жол бермейді – ғалымдар

Вакцина жүкті әйелдерде аурудың асқынуына жол бермейді – ғалымдар

Коронавирусқа қарсы вакцинациялау жүкті әйелдерде аурудың асқынуына жол бермей, сырқаттан қайтыс болу қаупін 70% төмендетеді. Бұл туралы қазақстандық ғалым Вячеслав Локшин мәлімдеді. Ол АҚШ, Ұлыбритания, Израиль және Бельгияда екпенің болашақ аналарға еш зияны жоқ, керісінше ағзаны иммундау үшін қажет деген шешімге келгенін атап өтті. Маманның айтуынша, маңызды науқаннан шет қалмау – ана мен баланы қорғаудың бірден бір жолы.

Вячеслав Локшин, акушер-гинеколог, репродуктолог, ғалым:

- Өкінішке қарай, жүкті әйелдерге коронавирусқа төзу қиын, әсіресе қатар жүретін аурулары болса, тіптен ауыр тиеді. Сондықтан болашақ аналарды қатерлі дертке қарсы егу – инфекция қаупінен сенімді қорғайтын жалғыз жол. Ол аурудың асқынуынан, пневмониядан және өлімнен сақтайды. Осының маңызын түсініп, иммундау науқанынан бас тартпаған жөн. Бұл үшін қолданылатын вакциналар клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулерде сыналды. Нәтижесінде бала мен ананың денсаулығына теріс әсер етпейтіні дәлелденді. Бұған қоса зерттеулердің барысында балада антиденелер пайда болғаны анықталды. Яғни вакцинация емізу кезінде жаңа туған нәрестені коронавирусқа қарсы антиденелермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Вячеслав Локшин вакцинация жүргізудің оңтайлы мерзімі жүктіліктің 16-шы аптасынан 37-ші аптасына дейінгі кезең екенін ерекше атап өтті. Маманның айтуынша, бала көтергенге дейін иммундалу өзін және баланы қатерлі дерттен бірінші кезеңнен бастап қорғаудың кепілі болмақ.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша америкалық Pfizer вакцинасын 9 мың емізулі ана салғызды. Сондай-ақ 4 600 аяғы ауыр қыз-келіншек екпе салдыру арқылы індеттен сақтануды қалаған.