35 мыңнан астам қазақстандық Pfizer вакцинасын салғызды

35 мыңнан астам қазақстандық Pfizer вакцинасын салғызды

Республикада америкалық антиковидтік препаратты жасөспірімдер, бала емізетін және жүкті әйелдер алып жатыр. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, иммундау сәтті өтуде. Елге осы вакцинаның 645 мың дозасы жеткізілді.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Бүгінгі күні вакциналауға жататын 35 012 адам егілді. Оның ішінде 26 354 бала және 8 658 жүкті және бала емізетін әйелдер. Аталмыш вакцинаны жеткізу апта сайын жалғасады.

Департаменттің хабарлауынша, балаларға вакцина тек ата-аналарының рұқсатымен ғана егілуде. Көптеген отбасы ковидке қарсы вакциналарға күмәнмен қарайтыны рас. Дегенмен мамандар препарат толығымен қауіпсіз және оның жанама әсері жоқ екенін айтуда.

Айдана Ерғасен, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының бас сарапшысы:

- Құрамы бойынша тірі вирус жоқ, ешқандай коронавирус инфекциясын тудырмайды. МРНК құрамды вакцинада қосымша басқа да компонент бар. Олардың адам ағзасына кері әсері жоқ. Бұл вакцина қауіпсіз әрі 3 клиникалық тексеруден өткен.

Еске сала кетейік, елімізде коронавирусқа қарсы вакциналау жалғасуда. Министр екі компонентпен 7 969 940 адам егілгенін айтты. Сондай-ақ республикада ревакцинация да белсенді жүріп жатыр.

Авторы: Тәжібек Гүлбану