Ревакцинация үшін қандай препаратты таңдаған дұрыс?

Ревакцинация үшін қандай препаратты таңдаған дұрыс?

Неліктен үшінші вакцинаны алу керек және қазір қандай вакциналар тегін қолжетімді? Осы және өзге де сұрақтарға денсаулық сақтау саласының мамандары жауап берді. Елімізде азаматтарды ревакцинациялау басталғанын айта кеткен жөн. Препараттың үшінші дозасын алуға бүгінде қауіпті топ санатына жататын азаматтардың барлығы шақырылуда.

Айнагүл Қуатбаева, Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы филиалының директоры, эпидемиолог:

- Ревакцинация бірінші кезекте коронавирус індетімен ауырған азаматтармен бетпе-бет жүздесетін медицина қызметкерлері, одан кейін мұғалімдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, 60 жастан асқан адамдар үшін қажет. Себебі қарт кісілердің көптеген созылмалы ауруы болады, коронавирус індетті ауыр өткереді. Сондай-ақ жабық медициналық мекемелердегі қызметкерлер және иммунитеті әлсіз азаматтар ревакцинациядан өтуі тиіс.

Егер қазақстандықтар вакцинаның алғашқы екі компонентін алу процесін түсінсе, үшінші дозаға келгенде бірқатар сұрақ туындап отыр. Мысалы, ревакцинация үшін қандай вакцинаны таңдаған дұрыс? Вакцина түрлерінің саны жетерлік. Мысалы, басқа мемлкеттерде адамдар кезекте тұрған Pfizer вакцинасын қазақстандықтар ақшаға сатып ала алады. Десек те тегін алуға болатын вакцина түрлері де бар. Азаматтар үшін Спутник V, Синофарм, QazVac және ViroSel қолжетімді. «Алайда егер бұған дейін сіз векторлық вакцинаны алған болсаңыз, енді инактивтендірілген вакцина алуыңыз керек. Осылайша антиденелердің санын арттыруға болады», – дейді сарапшылар.

Александр Гуляев, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы

- Егер сіз қайта вакциналау кезінде басқа препартты алатын болсаңыз, иммунитетіңіз үшін сол пайдалырақ. Сондықтан сіз инактивтендірілген QazVac сынды вакцинаны алған болсаңыз, қазір векторлық емес препаратты қолданғаныңыз дұрыс.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, бірінші кезеңде миллионға жуық қазақстандықты бустерлік дозамен қамту жоспарланып отыр. Ал екінші кезеңде 6 млн-нан астам азаматты. Сондай-ақ салалық министрлік вакцина тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді.

Авторы: Ақзер Сегізбай