Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі

Осы мақсатта адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарға тек «жасыл» статусы бар келушілерді кіргізу мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шорынов айтты. Салалық ведомства өкілінің сөзінше, елде вкциналау қарқынының төмендеуі де байқалады. Қазіргі уақытта коронавирусқа қарсы вакциналауға жататын халықтың 66,6% екпенің толық курсын алды. Бұл ел халқының  шамамен 40% құрайды. «Бұл көрсеткіш ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға жеткіліксіз», – дейді мамандар.

Марат Шоранов, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары:

- Қазір адам көп шоғырланатын орындарға демалыс күндерінен бөлек, жұмыс күндері де тек «жасыл» статусы бар адамдарды ғана кіргізу бойынша пилоттық жоба әзірленіп жатыр. Бұл ең алдымен медициналық қарсы көрсетілімдері бар топтар, балалар және қарт адамдардың денсаулығы қорғау үшін қолға алынбақ. Яғни біздің ереже бойынша адам вакцина алуы тиіс немесе вакцинаға медициналық қарсы көрсеткіші бар анықтамасы болуы керек.

Жалпы ел бойынша кейінгі екі айда қатерлі індетке шалдығу көрсеткіші 2,8 есе, ал өлім 4,1 есе кемігені байқалады. «Дегенмен босаңсуға әлі ерте, сақтық шараларына немқұрайлы қарамау керек», – дейді мамандар.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Көрші елдердегі жағдайды да ескеру керек. Барлық өңірде шектеу шараларының сақталуын қамтамасыз ету қажет. Мониторинг топтары күшейтілген режимде жұмыс істеуі тиіс. Әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігі емдеу мекемелерінің қоймаларындағы дәрілік препараттар мен бұйымдарға тексеру жүргізіп, олардың қажетті көлемін толық қамтамасыз етсін!

Айта кетейік, әлемдік рейтингте Қазақстан 222 елдің ішінде сырқаттану көрсеткіші бойынша 105-орында, өлім көрсеткіші бойынша 102-орында тұр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов