Өзбекстандық ғалымдар жеуге жарамды вакцина ойлап тапты

Өзбекстандық ғалымдар жеуге жарамды вакцина ойлап тапты

Өзбекстандық ғалымдар жеуге жарамды вакцина ойлап тапты. Яғни адам қызанақ жеп коронавирусқа қарсы екпе ала алады. Сондай-ақ өзбекстандық ғалымдар мақта, темекінің жасушасына COVID-19-дың генін енгізген. «Осылайша өсімдіктер трансформацияланып өседі», – дейді мамандар.

Забардаст Буриев, Ғылым академиясы геномика және биоинформатика орталығының директоры:

- Біз коронавирустың S ақуызын клондадық. Кейін оны қызанаққа енгіздік. Неге бұл өнім таңдалды деген сұрақ тууы мүмкін. Өйткені бұл көкөністі біз термоөңдеуден өткізбей-ақ жей береміз. Егер қызанақты суда қайнатсақ немесе ыстық температурада ұстасақ, онда вакцинаның қасиеті жойылып кетеді. Бұл өнім асқазан арқылы ішекке өткеннен кейін ағзаға еркін сіңеді. Содан соң антиденелер пайда бола бастайды.

Жеуге жарамды вакцинаның тиімділігі жоғары болғанымен адамдарға қолдануға әлі ерте. Себебі қазір клиникаға дейінгі сынақтар өтіп жатыр. Барлық тексерісті толыққанды жүргізу үшін шамамен 2-3 жыл уақыт қажет.

Забардаст Буриев, Ғылым академиясы геномика және биоинформатика орталығының директоры:

- Бұл вакцина қарапайым қызанақ секілді өседі. Ерекше күтіп-баптаудың қажеті жоқ. Дәнін екеннен бастап өнім шыққанға дейін 3 ай уақыт кетеді. Алдағы уақытта жеуге жарамды вакцинаны кез келген адам алып өсіре ала ма деген сұрақтар көп кездеседі. Жоқ деп жауап бергім келеді. Біз ондай мүмкіндік бермейміз. Біздің бақылауымызда болатын арнайы плантацияға ғана егіледі. Өйткені қажетті дозаны белгілеуіміз қажет. Яғни адам емін-еркін базардан сатып алып, жей алмайды. Тек дәріханаларда ғана сатылады деп жоспарлап отырмыз. Қазір клиникалық сынақтар басталмағандықтан дөп басып айта алмаймын.

Өзбекстандық ғалымдармен қатар Канада және Ресей мемлекеттерінің мамандары да коронавирус инфекциясына дауа болатын, жеуге жарамды вакцина жасауда. Әзірге ешбір елдің ойлап тапқаны қолданысқа енген жоқ.