Қауіпсіздіктің төте жолы – вакцина салу

Қауіпсіздіктің төте жолы – вакцина салу

Еліміздегі көптеген ірі кәсіпорын бұл қағиданы қолдап, ұжымдық екпе алуды ұйғарған. Медициналық мекемелер мен тәртіп сақшылары, білім беру саласының мамандарын айтпағанда жекелеген өндірістер де бұл үрдісті қолдап отыр. Уран өндірісін күкірт қышқылымен қамтамасыз ететін қызылордалық компания қызметкерлерінің 99% вакцина салдырған.

Дүйсен Шардарбеков, компанияның өндірістік қауіпсіздік жөніндегі бас техникалық жетекшісі:

- Қазіргі таңда мекемеде ешқандай ауру тіркелмеді. Вакцина қызметкерлерге кері әсерін тигізбеді. Зауыт үздіксіз жұмыс істеп тұр. Белгіленген көлемдегі өндіріс жоспары орындалуда. Сондай-ақ 90% ұжымдық иммунитет қалыптасты.

Шымкенттегі құс фабрикасының барлық қызметкері екпенің екі құрамдас бөлігін алып үлгерген. Нәтижесінде жұмыртқа өндіретін мекеме толық штаттық режимде жұмыс істеуде. Өнім көлемін 120 млн данаға жеткізуді мақсат еткен серіктестік: «Жұмысшы денсаулығы біз үшін өте маңызды», – дейді.

Асылбек Досболов, серіктестік директорының орынбасары:

- Жұмысшыларымызға 100% вакцинация жүргізілді. Біз азық-түлікпен айналысатын болғандықтан, вакцина салуды бірінші орынға қоюымыз керек.

Еліміздегі үшінші мегаполисте эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Шымкентте инфекцияға шалдығу көрсеткіші өткен күнмен салыстырғанда 2-3 есе азайған. Қала билігі мұны вакцина салдырған азаматтардың қатары артқандығымен байланыстырып отыр.