Ел аймақтарындағы эпидахуал тұрақсыз

Қарағанды облысында коронавирус жұқтыру көрсеткіші өскен. 1 тамыздан бері өңір «қоңыр-қызыл» аймақта орналасқан. Өңір ауруханаларында ауыр халдегі науқастар саны артты. Бүгінде 45 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Қарағандыда қосымша 400 науқасқа арналған төсек-орын қайта ашылып, жедел жәрдем бригадасының саны 150-ге дейін көбейді. Инфекциялық госпитальдер 52% толған. Облыста коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компоненті тек 320 мыңнан аса адамға ғана салынған.

Гамаль Тоқсамбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда жансақтау және күндізгі бөлімдерде вакцина салғызғаннан кейін нашарлап жатқан бірде-бір науқас жоқ. Бұл екпе алғандар инфекция жұқтырған күннің өзінде жеңіл өтетіндігін көрсетіп отыр. Тұрақтылықты сақтау үшін бірінші кезекте вакцина қабылдап, ұжымдық иммунитет қалыптастыруымыз керек. Кем дегенде тұрғындардың 70% қамтылуы тиіс.

Ал Шымкентте коронавирус инфекциясынан қаза болғандар саны артқан. Ағымдағы айда 300-ден астам адам қауіпті індеттің құрбаны болды. Денсаулық сақтау басқармасы вирустан көбіне түрлі сырқаты бар егде жастағылар қайтыс болып жатқанын мәлімдеді. Алайда клиникалық зерттеу нәтижесі бойынша, соңғы кезде ковидтан қайтыс болғандардың басым бөлігі – жастар. 

Бақытжан Позилов, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Негізінен бізде қосалқы қант диабеті, қан қысымы, басқа да созылмалы өкпе ауруларымен ауыратын 60 жастан асқан адамдар көз жұмып жатыр. Алайда 2020 жылмен салыстырғанда COVID-19 жұқтырғандардың арасында жастар көп. Осы індеттен төсек тартқандардың арасында қазір 35-40 жастағылар да бар.

Батыс Қазақстанда ауру жұқтыру көрсеткіші төмендеді. Коронавирустың таралу қаупі жағынан «қызыл» аймақта орналасқан облыста ковид-науқастар саны екі есе азайған. Сондықтан карантин талаптары жеңілдетілді. Енді қоғамдық көліктер сенбі-жексенбі күндері де қатынайды. Ашық базарлар да қалыпты жұмыс кестесіне оралды. Сауда үйлері мен қоғамдық тамақтану орындарының қызметіне шектеу сақталады.