Елорданың қандай жерлерінде адамдар коронавирусты жиі жұқтырады?

Еліміздің бас қаласындағы эпидахуал жақсарар емес. Коронавирус әлі өршіп тұр. Санитарлық талаптардың еленбеуі, карантин ережелеріне құлақ аспау, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзудың салдарынан қатерлі індетке шалдыққан науқастардың саны артып келеді. Бұл жөнінде Нұр-Сұлтан қаласының Бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді. Ол қалада дерт ошағы жиі анықталатын жерлерді атады.

Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының Бас санитар дәрігері:

- Коронавирусты жұқтыру көрсеткіші қаланың базарларында 7-ден 15%, сауда нысандарында 19-дан 24%, ал кеңселерде 13-тен 28%, саябақтар мен демалыс орындарында 15-тен 18% дейін өсті. Сондай-ақ отбасылық мерекелерді ұйымдастыру, қоғамдық шараларға қатысу барысында дертке шалдыққанын науқастар 0,8-ден 7% дейін артты. 8%  қоғамдық көліктерді жиі пайдаланған.

Елорданың Бас санитар дәрігерінің айтуынша, карантин талаптарын орындағысы келмейтін кәсіпкерлер де жағдайдың ушығуына түрткі болып отыр. Біршама бизнес нысаны тыйымға қарамастан, қызмет көрсетулерін тоқтатқысы келмей жасырын жұмыс жасайды. Соңғы екі жарым айда мұндай 250-ден астам заңбұзушылық тіркелген. Негізінен қоғамдық тамақтану орындары. Ashyq қосымшасы арқылы да бірқатар баршаға ортақ талапты орындамайтындар анықталуда.

Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының Бас санитар дәрігері:

- Ashyq жобасы ендірілгелі жүйеге қосылған нысандарда 8 518 адам үйде оқшаулану және карантин шараларын бұзғандығы белгілі болды. Оның ішінде коронавируспен ауырған, яғни «қызыл» мәртебесі бар 5 065 адам анықталды. Сондай-ақ науқаспен байланыста болған «сары» мәртебелі 3 453 адам бар. Үй карантинін бұзған 4 847 адам анықталды. Оның ішінде 3 347 адам – «қызыл» мәртебесі бар инфекция жұқтырғандар. Байланыста болған «сары» түсті мәртебесімен 1 500 адам тіркелді.

Қатерлі дертке шалдыққанын біле тұра, қоғамдық жерлерге барған адамдарға жаза қолданылатын болады. Оқшаулау режимін бұзған жандар 30 АЕК мөлшерінде шамамен 87 мың теңгеден артық айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов