Карантин жеңілдейді: 9 тамыздан қоғамдық нысандардың жұмыс күні ұзартылады

Қазақстанда 9 тамыздан бастап «Ashyq» жүйесіне қосылған қоғамдық нысандардың жұмыс уақыты ұзартылады. Олардың есігі түнгі сағат 00:00 дейін ашық болады. Бұл жөнінде арнайы брифинг барысында еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Бұл елдегі ойын сауық орталықтары және сауда үйлеріне, фуд-кордтар сынды қоғамдық тамақтану орындарына қатысты болмақ. Сондай-ақ фитнес және SPA орталықтары мен спорттық нысандар, сауна, әсемдік салондары, караоке, кинотеатрлар сынды халык көптеп шоғырланатын қоғамдық орындар түнге дейін қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болмақ. Алайда «Ashyq» жүйесінің талаптарын бұзғандарға қатысты жаза күшейтіледі. Жүйе іске қосылғалы оның ережелерін елемеген 23 мыңнан астам азамат тіркелген. Дені қатерлі індет жұқтырған қызыл статусты науқастар. «Қоғамға қауіп төндірген дертті ауыздықтаудың бірден бір жолы вакциналау науқанынан шет қалмау», – дейді мамандар.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау  министрі:

- Дертке шалдыққандардың 99,9% вакцина салдырмаған адамдар екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл иммундау науқанының қауіпсіздігі мен тиімділігін көрсетеді. Вакцинация коронавирус инвекциясынан қорғанып, өлімнен сақтайтын бірден бір жолы, жалғыз тиімді шара. Сондықтан әр қазақстандықты дұрыс шешім қабылдап, өзі мен жақындарын қорғағуа тырысып, еліміздегі қоғамдық иммунитетті қалыптастыруға үлес қосу үшін екпе алуға шақырамын. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов