Қазақстанда карантин шаралары күшейтілді

Елімізде карантин шаралары күшейтілуде. Атырау облысында санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес сауда үйлері мен сауда орталықтары жұмыс күндері сағат 17:00 дейін ғана жұмыс істейді. Ал демалыс күндері жұмысын тоқтатады. Сонымен қатар «Ashyq» коды орнатылған тамақтану нысандары,  аспан астындағы дәмханалары сағат 17:00 дейін келушілерді қабылдай алады. Жобаға қатыспайтындарға тек түске дейін ған жұмыс істеуге рұқсат етілді. Сондай-ақ «Ashyq» бағдарламасы жоқ спорттық кешендер мен фитнес орталықтардың қызметі толығымен тоқтатылады. Ал вахталық әдіспен жұмыс істейтін өнеркәсіптік кәсіпорындар мен компаниялар вакциналауға қарамастан басқа аймақтардан келетіндерге ПТР тестілеуді қамтамасыз етуі керек.

Алия Бекешева, Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: 

- Коронавирус инфекцияның көрсеткіші былтырғы жылғы шілде айында 5000-нан астам адам ауырған болса, қазір 7000 болып антирекорд көрсетіп отыр. Күнделікті 480-500-дің айналасында ауырған адамдар тіркеліп отыр. Атырау облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына өзгеріс енгізіліп жатыр. Карантин шаралары күшейтіледі. 

Шығыс Қазақстан облысында да карантин шаралары қатаңдатылды. Коронавирустың таралуы бойынша «қызыл» аймақта орналасқан бұл өңірде демалыс күндері бірқатар нысандардың қызметі шектеледі. Облыста қалааралық, облысаралық тұрақты және тұрақты емес автобус тасымалы тоқтатылады. Демалыс және мереке күндері қоғамдық көлік қызметіне жүруге тыйым салынады. Сондай-ақ «Ashyq»-пен жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану объектілері, фитнес-орталықтар мен басқа да сауықтыру кешендерінің, бассейндердің қызметіне де тыйым салынады.