Дәрігерлер кеңесі: вакциналау қалыпты өмірге оралуға көмектеседі

Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау - қазақстандықтардың қалыпты өмірге оралуының бірден бір жолы. Осы пікірді ұстанатын елордадағы медициналық орталықтың директоры Жазира Ембердиева иммундау науқанының маңызына тоқталды. Дәрігердің пайымынша, халықты жаппай егу арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға болады. «Егер де азаматтардың дені осы кеңеске құлақ асатын болса карантинге дейінгі өмір салтына қайта келіп, халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардың жұмысы жанданады», – дейді дәрігер. Мамандар маңызды науқанға немқұрайлық танытпауға шақырады. Кейін кеш болып сан соғып қалуымыз мүмкін дегенді алға тартады.

Жазира Ембердиева, медициналық орталықтың директоры:

- Бізде 19 млн халық өмір сүретінін ескеретін болсақ, онда ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 60% егілуі тиіс. Сол деңгейге жетсек қана ұжымдық иммунитет қалыптасады. Яғни,  біз қалыпты өмірімізге оралып, еш кедергісіз саяхаттарға шығып, бір-бірімізбен еркін қарым-қатынас жасай аламыз. Әзірге бұл мүмкін емес.

Еске сала кететін болсақ, соңғы ресми мәліметтерге сәйкес қатерлі індетке қарсы вакцинаның 1-ші компонентін алған қазақстандықтардың қатары 5 млн-нан асып жығылады. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін ол сан кемінде екі есеге көп болуы тиіс. Әзірге еліміздегі эпидахуал жақсаратын емес. Мәселен тек өткен тәуліктің ішінде 5700-ден астам адамда коронавирус дерегі қуатталды. Дәл осы күні 64 науқас індеттің салдарынан көз жұмды. Сондықтан саулық сақтықта екенін ұмытпаған абзал

Авторы: Жеңіс Ермұқанов