Мемлекет басшысы еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді

Коронавирустың таралуы мен эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вакцинацияға қатысты ақпараттық жұмысты күшейтуді тапсырды. Президенттің айтуынша, иммундау курсын алғысы келмейтін адамдармен жұмысты жүйелі жүргізу керек. Мемлекет басшысы барлық құралдармен, оның ішінде әлеуметтік желілер арқылы оларды сендіруді, көзін жеткізуді тапсырды. Сонымен қатар вакцинация көрсеткіші төмен аймақтарға шұғыл түрде әдістемелік көмек беретін көшпелі бригадалар құруды тапсырды.

«Қыңыр» антиваксерлердің шағын тобының кесірінен өз еңбегімен отбасыларының әл-ауқатын қамтамасыз етіп жүрген азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз. Батыстың кейбір дамыған елдері сендіру әдістерінен мәжбүрлеу шараларына ауысуда. Ірі еңбек ұжымдарының қызметімен байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, біз мұндай қадамға бармаймыз», - деп атап айтты президент.

Мемлекет басшысы Үкіметке отандық «QazVac» вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеуді жеделдету мен отандық фармацевтикалық алаңдарда ресейлік жаңа «Спутник Лайт» вакцинасын жеткізу және шығару мәселесін пысықтауды тапсырды.