Медициналық қарсы көрсетілімі бар қызметкерлер ПТР тест тапсырмайды

Медициналық қарсы көрсетілімі бар ел азаматтары жұмыс орнына кіру үшін  ПТР тест тапсырмайды. Соңғы күндері қоғамда қызу талқыланып жүрген мәселенің тоқетерін еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова айтып, нүктесін қойды. Оның дерегінше, бүгінде Қазақстанда екпе салдыруға болмайды деген 11 мыңға жуық адам тіркелген. Егер еңбек ұжымдарында қызметкерлердің негізгі дені вакцина алып, одан бас тартқандар ПТР тест сынағынан өтіп тұратын болса медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдарға тест тапсыру қажет  болмайды.

«Медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдарға COVID-19-ға үнемі ПТР тест тапсырудың қажеті жоқ. Бүгінгі таңда медициналық қарсы көрсетілімі бар 11 мыңға тарта адам тіркелген. Вакцина салдыруға болмайтын көрсетілімдер көп емес. Егер еңбек ұжымның негізгі бөлігі екпе алатын болса, қарсы көрсетілімдері бар аз бөлігін қорғайтын болады», - дейді комитет басшысы.