Қазақстандықтарды COVID-19-ға қарсы вакциналаудан өтуге міндеттейді

Міндетті вакциналау – заң аясында. Қазақстанның Әділет министрлігі коронавирусқа қарсы екпе алу Конституцияға қайшы келмейтінін мәлімдеді. Еліміздің денсаулық туралы Кодексінде жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу туралы тармақ бар, ал профилактикалық вакциналау эпидемияға қарсы міндетті іс-шаралардың бірі болып табылады.

Осылайша медициналық қарсы көрсетілімі расталмаған қазақстандықтар міндетті түрде инфекциялық ауруларға, оның ішінде COVID-19-ға қарсы иммундаудан өтуі тиіс.

- Ең алдымен, мемлекет Конституцияға сәйкес алдын алу іс-шараларын, шектеу іс-шараларын белгілеуге құқығы бар екендігін еске саламыз. Бұл конституциялық құрылымды, тәртіпті қорғау, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке, қоғамға, халықтың денсаулығына қауіп төнген жағдайда жасалады. Ал COVID-19 індетінің таралауы халықтың денсаулығына қауіп төндіруде. Сондықтан міндетті профилактикалық екпе енгізіледі, ол халық денсаулығының кодексіне және денсаулық сақтау жүйесіне толық сәйкес келеді. Бұл – ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға бағытталған шара.