Елордада Орталық Азия елдері театрларының шығармашылық кездесулері өтеді

«Елорда – өнер өлкесі». Нұр-Сұлтан қаласында Орталық Азия елдері театрларының шығармашылық кездесулері өтеді. 10 күн қатарынан 10 өнер ұжымы көрермендерге репертуарлық қорындағы үздік қойылымдарын ұсынады.

Қазақстандық сахна саңлақтарымен қатар Өзбек ұлттық академиялық драма театры және Қырғыз мемлекеттік жастар театры өз өнерлерін паш етеді. Көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген жауһарлы туындылармен бірге бірқатар премьера ұсынылады. Ауқымды мәдени шара Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының қабырғасында өтеді. 

Нұрқиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:

- Басты мақсатымыз – елімізде жаңадан көптеген салынып жатқан театрдың біліктілігін арттыру, бір-бірімен тәжірибе алмасу және көрерменге рухани азық сыйлау. Бұл театрлық шара бауырлас елдердің мәдени байланыстарын нығайта түсуге ықпал етеді деген сенімдеміз.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов