Түркістандағы бірегей «аттар шоуы» көрермен көзайымына айналды

Түркістандық тұрғындар мен қала қонақтары «Керуен-сарай» кешенінде орналасқан амфитеатрда «аттар шоуын» тамашалай алады. Қойылым қазақтың ұлттық ойыны «Қыз қуудың» желісіне негізделген. Шоудың авторы әрі қоюшы режиссері Францияның атақты каскадері Марио Лураски. Аталмыш шоу баламасы жоқ, бірегей жоба екенін айта кеткен жөн.

Владимир Косенко, шоу кураторы:

- Біз қойылымның негізіне ғашық жігіттің сезімнің жетегінде атқа қарғып мініп, қыздың артынан қуатын сәтін алдық. Алайда, шоудың көркемдік жетекшісі, режиссері Марио Лураске осы бірнеше секундтық сәтті бір сағаттық картинаға айналдыра білді. Оған театрлық әрекет қосып, акробаттық қимыл мен оны музыкалық әуенмен әрлей түсті. Мұнда бәрі бар. Әуен де, жекпе-жек төбелес, каскадерлердің өнері де.

Қойылымға дайындық жұмыстары үш бірдей елде - Қазақстан, Франция және Түркияда  жүргізілді. Шоу кураторының айтуынша, оның ерекшелігі де осында.

Владимир Косенко, шоу кураторы:

- Біріншісі Францияда,  режиссер Марио Лураскидің командасының жұмысы. Олар шоудың дайындығымен айналысса, Стамбулдағы «Development Business Departament» орталық кеңсесі барлығының басын біріктірумен, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысты. Ал сол уақытта Қазақстанда «Nomad Stunts» атты каскадерлер командасы өз өнерлерін шыңдай түсті.

Айта кетейік, «Керуен-сарайындағы» аталмыш арена дәл осы қойылым үшін арнайы әзірленген. Мұнда алдағы уақытта түрлі жанрдағы концерттерді, спорттық іс-шараларды өткізуге болады. Себебі аренаның сахнасы заманауи жүйемен, үлкен экран, сондай-ақ дыбыс және жарықпен толықтай қамтамасыз етілген. Ал әртістерге келетін болсақ, мұнда да өзара әріптестік пен түсіністікті көруге болады.

Владимир Косенко, шоу кураторы:

- Мұнда да жақсы бір коллаборация орын алды. Әртүрлі ұлт, мәдениет пен бағыттардың қызықты симбиозы пайда болды. Бізде каскадер, әртіс, биші, актер, акробат та бар. Сонымен қатар Марионың Франциядан арнайы қоюшы ретінде келген командасы бар, Жайдарбек мырзаның басшылығымен біздің «Nomad Stunts» каскадерлері бар және Алматы қаласында өткен арнайы кастинге қатысып, өткен әртістеріміз бар.

Бүгінде көптің ауызынан түспей жүрген «аттар шоуын» туристер жұма, сенбі және жексенбі күндері тамашалай алады.