Нұр-Сұлтанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған көрме ашылды

30 қылқалам шеберінен 60 еңбек. Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған көрме ашылды. Онда еліміздің намысын халықаралық байқауларда арқалап жүрген отандық көркем өнер шеберлерінің жұмыстары қойылған. Олардың қатарында елге танымал суретші – Динара Нүгер де бар. Ол қалың көрермен назарына «Балалық шақ» кртиналар сериясын ұсынды.

Динара Нүгер, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, өнертанушы, көрмеге қатысушы:

-  Бұл жұмыстар Елордада дүниеге келіп, осы қалада өсіп- өніп, бір сөзбен Тәуелсіз елдің астанасын сүйетін ұрпақ пен осы кезеңге арналады. Бұл шаһардың көрікті жеріне айналған Бәйтерек монументінің маңынан өтіп бара жатып, менің «мектебімнің ауласы қайда?», немесе орталық алаңның маңынан өткенде «мен кішкентай кезімде осы жерде тұрған едім» дейтін ұрпақ. Менің жұмыстарым 2018, 2020 және 2021 жылдарды қамтиды. Өзге авторларда түрлі кезеңдерді бейнелеген. Көрмеге қатысушылардың жасы әр түрлі олар өздері көрген шақтарды суреттеуге тырысқан.   

Айта кетейік, өнер майталмандарының айтуынша, тақырып бір болғанымен әрбір жұмыс өзінше бөлек ерекше техникада орындалған. Ол көркемсурет, кескіндеме, графика, мүсін. Осылайша, туынды авторлары өз жұмыстары арқылы егеменді елдің өткені мен, бүгінгі жетістіктерін келер ұрпаққа мирас етуді көздейді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов