Елордада «Музыкалық жас көрермен театры» ашылады

Елордада «Музыкалық жас көрермен театры» ашылады

ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» ашылады, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

Театр тұңғыш маусымын халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында 2020 жылдың 14 желтоқсанында 19:00-де  М. Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен салтанатты түрде ашқалы отыр. Қойылымның премьерасы 14, 15, 16 желтоқсан күндері өтеді.

Инсценировка авторы – Мирас Әбіл, режиссері – Асхат Маемиров, музыкалық кеңесші – Димаш Құдайберген, қоюшы-суретші – Алма Сырбаева, композиторы – Бауыржан Ақтаев, балетмейстері – Шырын Мұстафина, хормейстері – Ғалымжан Берекешев.

Музыкалық жас көрермен театрының жұмысы жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытып, отандық және әлемдік музыкалық қойылымдарды сахналау арқылы балалар мен жасөспірімдердің мәдени-эстетикалық әлемін, таным-тағылымын, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге бағытталған.

Театрдың директоры болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы Асхат Маемиров тағайындалды.

Өнер ордасы өз жұмысын 2020 жылдың 1-ші қазанында бастап кеткен болатын. Ағымдағы жылдың 28-30 қыркүйек күндері аралығында кастинг ұйымдастырылып, 50-ден астам дарынды артист таңдап алынды. Театрдың актерлік құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 71-ші Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Әділхан Макин және Расул Усманов, т.б. жас артистер бар.