Ахсикент: Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан алып шаһар

Орталық Азиядағы біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырда негізі қаланған көне қала туристерді тартатын аймақтардың қатарына енбек. Сырдарияның оң жағалауында орналасқан Ахсикентте қазір  қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зерттеу аяқталған соң 30 гектар жерді алып жатқан көне шаһар ашық аспан астындағы музейге айналады.

 Азизбек Абдуалиев, Наманған облысы хокиматының баспасөз қызметкері:

- Бұл қала ең әуелі Бабыр есімімен тығыз байланысты. Өйткені Ұлы Моғолдар патшалығының бірінші падишаһы 1494-1500 жылдары Ферғананың әмірі болған. Ол 12 жасында билеуші атанды. Қаланың гүлденуіне өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан шет елдерден, әсіресе, Үндістаннан туристер келгенде ең әуелі осы Ахскиентке, Бабыр туған мекенге апаруларын сұрайды.

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Ахсикент Ферғана алқабының астанасы болған.  Көне қалада қолөнер, сауда-саттық қатты дамыған екен. Ғалымдардың айтуынша, әйгілі Дамаскі қылыштары, қазіргі Сирия астанасында емес, шын мәнісінде осы Ахсикентте жасала бастаған.

Абдулхамит Анарбаев, «Ахсикент» музейінің қызметкері:

- Бұл Ахсикент қаласында оныншы ғасырда салынған су құбыры. Ол шамамен 300 жыл үздіксіз жұмыс істеген. Бұндағы құбырлар керамикадан жасалған. Қаланың сумен қамту жүйесі ерекше. Құбыр диаметрі  90 сантиметр болатын үңгірдің ішіне салынған.

Негізі Ахсикент – қамал, шахристан және рабат сынды үш бөліктен тұрған. 1620 жылы жойқын жер сілкінісі салдарынан көне қала жойылып кеткен. Енді тарихшылар мен жергілікті биліктің күш салуы арқасында көне шаһар қайта түлемек.