Жошы хан кесенесінің маңайы аспан астындағы музейге айналмақ

Ұлытауда ашық аспан астындағы музей пайда болады. Оның дәл ортасында Жошы хан кесенесі орналаспақ. Қазір тарихи-мәдени кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Енді мазарға баруға ниет танытқан туристерге барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, құрылыс барысында кесененің тарихи сәулеті сақталды. Ал ауласы абаттандырылып, алаң төріне Жошы ханның алып ескерткіші қойылды. Орталық ішінде көру галереялары, өлке тарихынан сыр шертетін мұражай, кәдесый сататын дүкен жұмыс істейтін болады және жағалай этноауыл бой көтереді.

Бақтияр Қожахметов, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры:

- Жошы – Шыңғысханның үлкен ұлы. Барлық қазақ ханы Жошы ханның ұрпақтары, Шыңғысханның басқа ұлдарынан емес, дәл осы Жошы ханнан тараған. Біз оның есімі арқылы, осы ескерткіш және кешен арқылы туристерге және әлемге көшпелі мәдениеттің әлемдік өркениетке үлкен жетістік әкелгенін айтқымыз келеді.

Киелі жерге туристерді көптеп тарту мақсатында Ұлытауда бұрын-соңды болмаған зәулім «Сапар орталығы» салынды. Оған республикалық бюджеттен 546 млн теңге бөлінген. Мұнда қонақүй, музей, кітапхана, ақпараттық зал, тіпті балаларға арналған ойын бөлмесі бар. Орталық бір мезгілде 100 адамды қабылдай алады.

Аман-Серік Есенғалиұлы, музей қызметкері:

- Қазіргі таңда осы деңгейде 2 тур агенттігімен жұмыс жүргізіп отырмыз. Ал негізгі біздің ресми сайтымызда өзіміздің туристік бағыттарымыз орнатылған. Бізде бар 25 кешеннің барлығының бағыты орналастырылған.

Қасиетті Ұлытау жерінде 6 мыңға жуық ескерткіш бар. Бүгінгі таңда оның 20% зерттеліп, мемлекет қорғауына алынған.