Шымкентте алғаш рет балалар фестивалі өтеді

Шырайлы Шымкент қаласында ашық аспан астында Халықаралық балаларды қорғау күні «БалаШым» фестивалі өтеді. «Бұл өз жанрында бірегей шара болмақ», – дейді жоба продюсері Жан Мұқанов.

Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 29 өнерпаз қатысады. Олар – «Балалар Евровидениесі», «Бала дауысы», «Жұлдызай» және «Бозторғай» сынды республикалық байқаулардың жеңімпаздары.

Айта кетейік, музыкалық жобаны «Qazaq TV» телеарнасынан 1 маусым күні тамашалауға болады.

Жан Мұқанов, продюсер:

- «БалаШым» балалар фестивалі биыл алғаш рет Балаларды қорғау күні аясында өткізіледі. Пандемияға байланысты концертке көрермендер қатыса алмайды. Сондықтан біз тек теленұсқасын түсіреміз. Кеш жүргізушілері: блогер Аминка-Витаминка мен әнші Мақпал Исабекова. Түсірілім Open Air форматында өтеді. Дарынды ерекше балалар өнер көрсетеді. Біз барлық жанрды қамтуға тырстық. Эстрада, дәстүрлі әндер жанрындағы, ағылшын тіліндегі шығармалар орындалады. Фестиваль өте қызықты болады деген сенімдемін.

Музыкалық жоба биылғы жылы фестиваль түрінде өтсе, келер жылдан бастап конкурстық форматқа көшеді. «Келешекте оны халықаралық деңгейге дейін көтеру көзделіп отыр», – дейді ұйымдастырушылар.

Авторы: Ақзер Сегізбай