Биыл – Қаллеки театрына 30 жыл

Қалибек Қуанышбаев театры биыл Түркітілдес халықтар театрларының басын біріктіріп, жаңа форматтағы фестиваль ұйымдастырмақ. Бұл туралы театр директорының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұркен Өтеуіл айтты. Қазір театр ұжымы 30 жылдық мерейтойға қызу дайындық үстінде. Қалың көпшілікке бірнеше жоспарлы премьерамен қатар, жаңа фестиваль әзірлену үстінде. Фестивальдің жоспары, өту форматы ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп бекітіледі.

Нұркен Өтеуіл, Қ. Қуанышбаев театры директорының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары:

- Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл, театрымыздың өзіне де, яғни Қаллеки театрына да 30 жыл. Бұл – үлкен мереке. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Алда көптеген жоспар тұр. Жыл басынан дайындыққа кірісіп жатырмыз. Күзге дейін 5-6 премьера шығады. Министрлікпен ақылдасып жатқан ауқымды шаралар бар. Түркітілдес халықтардың халықаралық театр фестивалін жасасақ деген үлкен жоспарымыз бар. Ол іске асса, нұр үстіне нұр болады!

1991 жылдың қарашасында ашылған Қ. Қуанышбаев театры өткен жылы Елбасының бастамасымен жаңа, үлкен театрға көшірілгенін атап өткен жөн. Жаңа ғимаратта театр ұжымы шымылдығын «Абай» қойылымымен түрген еді. Бүгінгі күні өнер ордасының ұжымы жаңа жылдағы алғашқы «Құнанбай» қойылымын дайындау үстінде. Айта кетейік, премьера наурыз айының 29, 30, 31 күндері жоспарланып отыр.

Қуандық Қыстықбай, Қ. Қуанышбаев атындағы театрдың көркемдік жетекшісі:

- Бұл шығармамен ең әуелі Досхан Жолжақсынов фильм түсірген болатын. Былтыр бұл спектальді қойсам деп Болат аға өзі ұсыныс жасаған. Қазір барлық сахналық шешімін айта алмаймын, мұны көру керек. Тағы 3-4 шығармамыз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналады.

Жаңа Қаллеки театрында қазіргі таңда қызметкерлер саны артқан. Театрдың көркемдік жетекшісі Қуандық Қыстықбайдың сөзінше, жуырда әртістерге шығармашылық еркіндік берілетін лаборатория іске қосылмақ.

Қуандық Қыстықбай, Қ. Қуанышбаев атындағы театрдың көркемдік жетекшісі:

- Істеймін деген адамға еркіндік, мүмкіншілік беріледі. Сахнасы да бөлек, форматы да бөлек. Онда қойылатын шығармалар минимализмге барады және біздің актерлардың жеке, өзіндік жұмыстарын, моноспектакльдерін ұсынып, арамыздан режиссураға барып жатқандары да бар. Барлығына мүмкіндік берілген.

Мемлекеттік мәртебеге ие өнер ордасында 30 жылдыққа дайындық осындай. Ұжым карантиндік шектеулерге байланысты көрерменмен толыққанды кездесе алмайтынына өкінеді. Алайда сағынысқан көрермен қойылымдарды театрдың сайтынан онлайн форматта тамашалауға болатынын еске саламыз.

Авторы: Ақзер Сегізбаева