ҚР Ұлттық музейінде «Туған өлке» атты көрме ашылды

Еліміздің Ұлттық музейінде белгілі қазақстандық суретші Төлеуғазы Байғалиевтің көркем және графикалық туындылары ұсынылды. Наурыз айының ортасына дейін созылатын көрменің ашылу салтанатына отандық мәдениет қайраткерлері, автордың әріптестері және өнерсүйер қауым бас қосты. 

Көрмеге 400-ден астам экспонат қойылған. Алайда, автордың айтуынша, оның қоржынында әлдеқайда көп туындылар бар. Ал айтулы көрмеге қойылған туындылар барлық жұмыстардың ішінен іріктеліп, таңдалғандар. Суретшінің сөзінше, шабыт келіп тұрған сәтте картинаны бірнеше минут ішінде аяқтауға, ал кейде бір жұмысты бітіру үшін бір ай уақыт кетеді. Автор көбіне өз туған өлкесінің пейзажын, еліміздің тарихы мен мәдениетті бейнелеуге тырысқан. Мамандар бұл көрме тек ересектер үшін ғана емес, сонымен қатар заманауи жастар үшін де маңызды дейді. Төлеуғазы Байғалиевтің туындылары бұған дейін әлемнің ең ірі көрме алаңдарында қойылған. Ал қазір еліміздің бас музейінен тамашалауға болады. Бұл көрермендер үшін қуанышты жаңалық.

ТӨЛЕУҒАЗЫ БАЙҒАЛИЕВ, СУРЕТШІ:

 - Мен алғаш графика жасадым. Қытайда іссапармен болған кезімде өзіммен солардың сүрмелерін, қылқаламдарын алып келдім. Содан бір 35 дана картина салдым. Сондай-ақ табиғатты, кешті, таңды бейнеледім, табиғаттың бұл күйін қара түспен жеткіздім. Олар да халықаралық өнер орталығында. Алда әлі жоспар көп, қазір мен акварельмен жұмыс істеудемін.