Алматыда композиторлық мұра орталығы пайда болады

tengrinews.kz

Алматыда композиторлық мұра орталығы пайда болады. Оны Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының қабырғасында құру көзделген. Жоба аясында 260-тан астам партитура заманауи сандық жүйеге келтіріледі. Ол 1934 жылдан бастап отандық сахналарда қойылған балеттердегі қазақстандық сазгерлердің туындыларын қамтитын болады. Осы текті биылғы жоспарлармен өнер ордасының директоры Ая Қалиева бөлісті.

Оның айтуынша, осы жылы репертуарлық қордағы үздік спектакльдер қайта жанданатын болады. Алматылық театрдың тарихындағы жауһарлы деген  туындылардың қатарында Арам Хачатуранның «Спартак» балеті бар. Оның көрермен назарына ұсынылмағанына 10 жыл болыпты. Өнер сүйер қауым алдағы маусым айында сүйікті қойылымымен қайта қауышатын болады.

Сондай-ақ театрға танымал заманауи композитор Сергей Баневичтің «Кай мен Герда оқиғасы» атты балалар операсының музыкалық материалын қолдану құқығы беріледі. Ахмет Жұбановтың 115 жылдығына орай  «Еңлік-Кебек» сынды бірқатар жаңа қойылымның тұсауы кесілмек.

АЯ ҚАЛИЕВА, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Әрине, егер жағдай алдағы уақытта да карантиндік шектеу шараларына байланысты болса, біз бірқатар жобамызды онлайн түрде ұйымдастырып, бейнежазбалар жасайтын боламыз. Қазіргі таңда біз үшін ең бастысы – қаланың бас санитарлық дәрігерінен қалыпты режимге көшуге рұқсат алу. Шығармашылық ұжымды жинай алатындай жағдай болса игі болар еді. Сахналық қойылымның өнімділігі қызу дайындықтың жемісі ғой. Егер жағдай оңалмаса, былтырғыдай біздің бірінші жартыжылдыққа жоспарлаған үш премьера екінші жартыжылдыққа ығысуы мүмкін. Ол Алматы және  жалпы Қазақстанның эпидемиологиялық ахуалына тікелей қатысты болады. 

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

×