«Падшие Ангелы» балеті елордалық өнер сүйер қауымның назарына ұсынылды

«Падшие Ангелы» балеті елордалық өнер сүйер қауымның назарына ұсынылды

Жаһандық балет жауһары «Астана Балет»  сахнасында. Заманауи бидің хас шебері Иржи Килианның «Падшие Ангелы» балеті елордалық өнер сүйер қауымның назарына ұсынылды. Әлемдік туынды араға 30 жылдан астам уақыт салып қазақ сахнасында қайта жаңғырып отыр. Чехиялық хореограф-философтың үздік туындысын сахналау арқылы  әлемнің үздік театр ұжымдары бәсекеге түседі. Оны елорда сахнасына алып шығуға  атақты хореограф Стефан Жеромски сүбелі үлес  қосты. Кәсіби маман  еңбегі  зая кетпегенін айтады. 8 түрлі әйелдің бір-біріне ұқсамайтын бейнесін жергілікті биші қыздар сапалы алып шықты дейді, шетелдік маман.

Стефан Жеромски, хореограф, Иржи Килианның ассистенті:

– Мен қыздармен бір ай бойы жұмыс жасадым. Өнерлеріне тәнтімін. Өте әсерлі болды. Бұл спектакльді көрермен жақсы қабылдайды деп сенемін. Өйткені билері өте әдемі. Әр сола, әр партия,  әр рөлдің өз мінез-құлқы бар. Біреуі гуманист болса, енді біреуі аса күрделі. 33 жыл бұрын билеген қыздардың мәнерін сәйкестендіру керек болды. Әрине, қазір сәл өзгешелеу болады, әрбірінің өз көз-қарасына сай.

Александр Совосьянов, «Астана Балет» театрының директоры:

– Бұл премьера бір жарым жыл бұрын жоспарланған болатын. Өкінішке орай, пандемия салдарынан оның тұсаукесерін бүгінге дейін шегеруге тура келді. Сондықтан, тағатсыздана күткен көрерменіне жол тартқанына қуаныштымыз. Бұл кеңге танымал хореограф Иржи Килианмен бірлескен жоба. Ұзақ жұмыстың жемісі. Оның заманауи классикаға айналған осы текті спектаклтдерін қою құқығы кез-келген театрға  беріле бермейді.