Италиялық дирижёр «Астана Опера» театрының арт-менеджері атанды

Италиялық дирижёр «Астана Опера» театрының арт-менеджері атанды

Ұлттық өнерді шетелде насихаттау және опера әншілерін жоғары сапада даярлау – «Астана Опера» театрының алға қойған міндеті. Ұжымның қазіргі арт-менеджері, әлемде зор сұранысқа ие италиялық дирижёрлердің бірі Джузеппе Акуавива осы биік мақсатқа жетуге көмегін тигізбек.

Айта кетейік, маэстроның қазақстандық өнердің көшбасшысы «Астана Опера» театрымен әріптестігі осыдан 10 жыл бұрын басталған. Осы жылдар ішінде оның дирижёрлігімен театр сахнасында бірқатар ірі опера мен балет қойылымы өтті. Жарқын жұмыстарының қатарында Сергей Прокофьевтің әйгілі «Ромео мен Джульетта» балеті және Джузеппе Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсы бар. Сондай-ақ маэстроның арқасында шетелдік көрермен ұлттық классика жауһары Ахмет Жұбановтың «Абай» операсымен танысты.

Джузеппе Акуавива, «Астана Опера» театрының арт-менеджері:

- «Абай» операсы – Италияға өзім әкелген спектакль. Бұл – өнердің жаһандық тіл екендігінің тағы бір дәлелі. Мен Италия жұртшылығының Қазақстанда жазылған, жоғары сапада аударылған операмен танысуына қызығушылық білдірдім. Алғашында Италия көрермені мұндай спектакльді қалай қабылдайтынын білмедім. Алайда халық қуана қабыл алды. Италиядан басқа Оман, Испанияға да көрсете алдық.

Джузеппе Акуавива – ондаған халықаралық сыйлықтың иегері әрі беделді байқаулардың жеңімпазы. Бүгінде танымал италиялық дирижёр әлемдік театрлармен тығыз ынтымақтастықта. Сонымен қатар елордадағы «Астана Опера» театрымен табысты серіктестік жалғасатынына сенім білдірді.

Джузеппе Акуавива, «Астана Опера» театрының арт-менеджері:

- Ынтымақтастық шеңберінде көп үміт күтемін. Әртістер мен музыкалық дирекция, дирижёрлер және солистермен тығыз қарым-қатынас орнатып, италиялық маман ретінде өз тарапымнан көмектескім келеді. Мұнда Верди, Пуччини, Россини, Чимароза, Доницетти секілді италиялық авторлардың туындылары ұсынылған. Бұл театр – бай сценографиялық мұрасы, техникалық мүмкіндіктері мен жоғары деңгейдегі тамаша балет труппасы бар әлемдегі санаулы театрлардың бірі. Ал ынтымақтастығымыздың арқасында оның бірегейлігін одан әрі арттыра түсеміз деп сенемін. Театр тек Еуразияға ғана емес, бүкіл әлемге үлгі болары сөзсіз. Бұл тұжырымды осы саладағы көпжылдық тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын.

Авторы: Гүлбану Тәжібек