Астана Операда «Алты би» балетінің премьерасы өтеді

Астана Операда «Алты би» балетінің премьерасы өтеді

Елордалық көрермен тұңғыш рет Иржи Килианның «Алты би» балетін тамашалай алады. Танымал туынды – заманауи классиканың жауһары. Балеттің әлемдік премьерасы 37 жыл бұрын өтсе де, біздің елімізде ол алғаш рет қойылмақ. Келіссөздер осыдан 4 жыл бұрын басталыпты. «Астана Опера» артистері премьераға чех балетмейстерінің көмекшілері Ширли Эссебум мен Юст Бигелардың жетекшілігімен дайындалды.

Ширли Эссебум, Иржи Килианның ассистенті:

- «Астана Опера» артистерімен жұмыс істеу өте қызықты болды. Техникалық дайындық деңгейі өте жоғары. Партияларды интерпретациялау тұрғысынан қазақстандық орындаушылар керемет. Бұл балет үшін өте маңызды. Нағыз кәсіпқойлар.

Моцарттың музыкасына қойылған небәрі 15 минутқа созылатын қойылымда нақты сюжет жоқ. Бірақ онда хореографтың XVIII ғасырға деген комедиялық көзқарасы көрсетілген.

Алтынай Асылмұратова, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі:

- Иржи Киллиан – XXI ғасырдың үздік хореографтарының бірі. Сондықтан оның балетін қою – біз үшін үлкен құрмет. Бұл комедиялық спектакльді қазіргідей күрделі кезеңде көрсету аса маңызды деп ойлаймын. Ол қабылдауға өте жеңіл әрі қысқа болғанмен, астарлы мағынасы барын көрермен оңай байқайтыны сөзсіз.

Бахтияр Адамжан, «Астана Опера»театрының жетекші солисі:

- Біріншіден, бұл күлкілі. Көрермендер жақсылап күліп, сергіп алады деген ойдамын. Содан кейін барып қана өздеріне бір түйін жасайды.

«Алты би» балеті «Астана Опера» театрының гала-балет бағдарламасына енгізіліп отыр.