Елордада Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған көрме ашылды

Елордада Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған көрме ашылды

Қазақ ән әлемінің падишасы! Еліміздің Ұлттық музейінде Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған көрме ашылды. Экспозицияда қазақтың опера және эстрада жұлдызының жеке заттары ұсынылды. Әншінің сахнаға киген костюмдері, әшекей бұйымдары, мемлекеттік марапаттары және отбасылық мұрағаттан алынған фотосуреттер де осы жерден орын алды. Көрмедегі экспонаттармен Роза Бағланованың жақындары бөліскен. Олардың айтуынша, мұндағы әрбір жәдігер сахна саңлағының өмірлік және шығармашылық жолынан сыр шертеді.

Еске сала кетейік, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілуде. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, жыл бойы аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейде аты аңызға айналған тұлғаның құрметіне түрлі шара ұйымдастырылады.

Тәжен Бағланов, Роза Бағланованың ұлы:

- Анам кеңпейілді адам еді. Ол – әртіс, әнші ғана емес, қоғам қайраткері, халықтан шыққан «Халық Қаһарманы». Анамның 100 жылдық мерейтойына орай осындай көрменің ұйымдастырылуы керемет. Біз үшін бұл – елеулі оқиға. Анамның таққан әшекейлері мен киген киімдерін осы жерден көре аласыздар. Музей арнайы сұратқан соң, қуана алып келдік.

Авторы: Гүлбану Тәжібек