«Астана Опера» театры «Жизель» қойылымын көпшілікке ұсынды

«Астана Опера» театры «Жизель» қойылымын көпшілікке ұсынды

180 жылдан астам уақыт әлемдік сахнадан түспеген хореография жауһары «Жизель» балеті «Астана Опера» театрында қойылды. Адольф Аданның әйгілі қиял-ғажайып қойылымы ұжымның Халықаралық қыз-келіншектер мейрамына орай тартуы. Спектальдің қоюшы балетмейстері «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова. Балетмейстер үшін Жизельдің бейнесі ерекше ыстық. Бір кездері оның өзі де әйгілі шаруа қызының бейнесін әлемдік сахналарда сомдаған болатын.

Алтынай Асылмұратова, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі:

- «Жизель» туралы не айтуыма болады? Бр сөзбен менің сүйікті қойылымдарымның бірі. Керемет, мінсіз қойылым. Махаббат туралы тамаша романтикалық балет.Онда қызықты драмалық партиялар бар. Жалпы менің ойымша, кез келген балерина «Жизель» балетінде билегісі келеді. Себебі бұл партияда кәсіби өсуге болады. Мысалы, егер сіз оны алғаш рет 20 жасыңызда билеп шықсаңыз басқа Жизель болады, кейін өмірлік тәжірибе жинап 30 жасыңызда билесеңіз, мүлдем басқа Жизель болады. Бұл роль үлкен драманы қажет етеді. Әр балерина әрқалай сомдап шығады, расында солай болуы да тиіс.

Бұл жолы Жизель партиясы Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Әйгерім Бекетаеваға бұйырды.

Әйгерім Бекетаева, «Астана Опера» театрының жетекші солисі:

- Бұл роль менімен өсіп, дами түсуде. Бұл – драмалық қойылым. Онда эмоцияның үлкен палитрасы бар. Қойылымнан махаббат сезімінен бастап, ақылсыздыққа дейінгі эмоцияларды көре аласыз. Көрермен менімен бірге жылап, мен көрсеткен эмоцияларды сезіне алса – мен үшін үлкен қошемет, ең жоғары баға. Қиын болған тұсы – ондай эмоцияларды өз басымнан өткермегенім. Ақылсыздың кейіпін көрсету мен үшін күрделі болды. Сондықтан да көптеген кітапты оқып, осы рольді сомдаған балет әртістерінің бейнежазбаларын қарап шықтым. Рольді қалай сомдап шығатыным өзіме де қызық болып тұр.

Айта кетейік, аталмыш қойылымды танымал «Меццо» француз телеарнасы өз эфирінен көрсетеді.