Музыкалық жас көрермен театрында Ф. Достоевскийдің «Ұлдар» драмасы қойылды

Музыкалық жас көрермен театрында Ф. Достоевскийдің «Ұлдар» драмасы қойылды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында  2021 жылдың 11, 12, 13 қаңтар күндері Ф. Достоевскийдің «Ұлдар» драмасының премьерасы өтті. Драма жазушының 200 жылдығына орайластырылып, «Ағайынды Карамазовтар» романының желісімен сахналанды. Қоюшы режиссері – Ерназар Жаңатілек.

«Ұлдар» – 1878-1880 жылдары жазылған «Ағайынды Карамазовтар» романындағы IV бөлімнің оныншы кітабы. Бұл туындыда адам өмірінің негізгі мәселелері алға қойылған. Әр адамның өмірі мен бүкіл адамзат тарихының мәні, адам болмысының моральдық және рухани негіздері туралы мәселелер қарастырылады.

«Еліміздің шығыс өңірінде ізі қалған, Шоқанның досы болған қаламгердің туындылары қазақ театрында бұрын-соңды қойылмаған. Достоевский шығармалары қазақ көрерменіне алғаш рет жол тартып отыр. Режиссердің де бұл дебюттік қойылымы. Бір атап өтерлігі, романның төртінші бөлімінің 10-кітабы «Ұлдар» деп аталады. Драманың негізіне дәл осы тарау алынған. Ал қазақ тіліне Айнұр Омаш тәржімалады» - деп атап өтті театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Драмада гимназиядағы бірнеше кадет оқушыларының өмірін көрсете отыра, Алексей Карамазовтың келбетіне барынша шолу жасалған. Алексей Карамазов – дін қызметкері, ағайындылардың ішінде ең мейірімді, адамгершілік қасиеті мол, ақылгөй жан ретінде сипатталады. Алексей Карамазовтың рөлін сомдаған театрымыздың жас актері – Абзал Арапов.

Сонымен қатар спектакльдегі ең айқын бейнелер – кадет оқушылары. Әрқайсысының бойынша өзіндік мінез қалыптасқан. Олар балалықтың ізіне еріп, Илюшаны біраз ренжітіп, қатыгездік танытты. Алайда сюжет соңында жасөспірімдер өз қателіктерін түсініп, Илюшадан кешірім сұрайды. Кадет оқушылары рөлінде – Шалқар Мұралтай, Ернар Мұхамбет, Азамат Болатов, Жасұлан Абдрахман, Иманғали Ақәділ, Мағжан Омар, Бибол Байғараев болды.

«Ұлдар» драмасының премьерасын өткізу барысында көрермен саны шектеліп, бекітілген барлық санитарлық нормалар сақталды.