ШҚО ауыл мектептерінде ұлттық аспаптарда ойнау жандануда

ШҚО ауыл мектептерінде ұлттық аспаптарда ойнау жандануда

Өскелең ұрпақтың дала музыкасына деген қызығушылығын ояту. Осы мақсатта Шығыс Қазақстанның шалғай ауылдарында балалар оркестрі құрылды. Олар жетіген, сазсырнай, шаңқобыз сынды көне ұлттық аспаптарда ойнауды үйренеді. Мәселен, 8-сынып оқушысы Гүлім Оразғалинова бір жыл бойы шаңқобызды меңгерген. «Аталмыш аспаптан шыққан әуен туған өлкемнің табиғатын көз алдыма әкеледі», – дейді.

Айта кетейік, бұл аспаптар ауданды тұрақты дамыту қорының демеушілігімен жинақталды. Қор мектептерге 12 млн теңгеге 121 дана аспап сыйға тартты. Осылайша Демеушілер қоры Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесіп, ауылдағы білім ошақтарын жаңа сатыға көтермек.

Серік Жүнісов, Ауданды дамыту қоғамдық қорының атқарушы директоры:

- Біздің стратегия бойынша 3 тірек ауыл мектептерін толықтай, яғни Үлкен Нарын, Қатонқарағай, Үріл, осы алты мектепті толықтай жабдықтап шығамыз. Қор әрбір мектепке 200 млн теңге жұмсап отыр.

Нұрдана Омарқызы, музыкалық жетекші:

- Балалардың барлығы жетіген, шаңқобыз, сазсырнай, сыбызғыны меңгеріп жатыр. Мектепке бұрын-соңды болмаған, ешкім көрмеген даңғара аспап, асатаяқтың түр-түрі келді.

Сондай-ақ Катонқарағайдағы оқу орындарында заманауи кабинеттер де жабдықталған. Оның ішінде робототехника мен шағын тігін шеберханасы бар. Ал білім деңгейі қала мектептерінен кем түспейді, ата-аналар дән риза.