Қазақстандық киножоба алғаш рет Biennale College Cinema шығарылымына іріктелді

Қазақстандық киножоба алғаш рет Biennale College Cinema шығарылымына іріктелді

Қазақстандық режиссер Эльдар Шибанов пен продюсер Юлия Левицкаяның толықметражды «Горный лук» киножобасы алғаш рет Biennale College Cinema-ның 10-шы шығарылымына іріктелді. Венециандық шара Италияның мәдениет министрлігінің қолдауымен кинозертхана түрінде ұйымдастырылды. Басты мақсат – киноөндіріс саласының жаңа дарындарының есімдерін анықтап, кеңге насихаттау.

Отандық режиссердің кинотуындысы 11 жасар Жабайдың оқиғасын баяндайды. Айта кетейік, Эльдар Шибанов Италия, Иран және Финляндия өкілдерімен бірге ақтық сынға шықты. Өз ісінің хас шеберлері Венециядағы екі семинардың біреуіне қатысып үлгерді. Ал қаңтар айында жүлдеге Biennale гранты тігілетін толықметражды фильмдер өндірісінің басталуын белгілейтін екінші семинар өтеді. Кейін жұмыстар 79-шы Венеция кинофестивалінде ұсынылады.

Эльдар Шибанов, режиссер:

- Негізгі талаптардың бірі – фильмді белгіленген мерзімде және келісілген бюджет аясында түсіру. Ол ең алдымен тәуелсіз өндіріс болуы керек. Себебі бұл бюджеті аз кино, микробюджет десек болады. Бұл Biennale College Cinemа-ға қатысу менің жобама сараптамалық баға болады. Оны жүзеге асырып, кеңге таныту үшін «А» класының халықаралық фестивалінде тұсауын кесуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мамандармен керемет воркшоптар өткізіп, әлемнің үздік киномайталмандарының қызықты жобаларымен танысуға болады. Мен үшін ең маңыздысы – воркшоптар кезінде жобама лайықты баға алып, оған қатысты түрлі пікірлерді білу.