Қазақстан және Испания артистері елордада классикалық музыка кешін өткізді

Қазақстан және Испания артистері елордада классикалық музыка кешін өткізді

«Астана» концерт залының сахнасында классикалық музыка кеші. Елорда тұрғындары мен қонақтарына қазақстандық және испаниялық музыканттар өнер көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына сыйлық ретінде орайластырылған шара екі халықтың рухани мұрасын паш етті. Шақырылған солистер мерекеде әрдайым әдемі музыка орындалуы тиіс екенін атап өтті. Ал бұл кеште ондай әуендерді Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның симфониялық оркестрі және Испания Елшілігі шақырған атақты өнерпаздар орындады. Олардың қатарында танымал астуриялық виолончелист, халықаралық байқаулардың лауреаты Габриэль Уренья бар. «Мұндай іс-шаралар Қазақстан мен Испанияның мәдениет саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытады және нығаюына ықпал етеді», – дейді ұйымдастырушылар. Сондай-ақ бұл мерекелік концертте музыка майталмандары жанды дауыста өнер көрсетті.

Хорхе Урбиола Лопес Де Монтенегро, Испания Корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Мәдениет пен музыка Қазақстан үшін өте маңызды екенін білемін. Бізде өте керемет орындаушы солистер бар, сондықтан мен Испания Елшілігінің сыйы ретінде осы концертті ұйымдастырғым келді. Габриэль Уренья - виолончелист, қазір Испаниядағы ең танымал солистердің бірі. Әрине, ол өте жас, бірақ Еуропадағы танымал музыканттардың бірі.