AMRE Азияның ірі ән фестивалінде Қазақстанды таныстыруда

Биыл халықаралық ABU TV Song Festival ән фестиваліне Қазақстанның атынан «Славян базары» байқауының жеңімпазы, «AMRE» деген лақап атымен танымал болған әнші Ернар Садырбаев қатысуда.

Жоба «Хабар» Агенттігі мүше болып табылатын Азия-Тынық мұхиты хабар тарату Кеңесінің Бас Ассамблеясы аясында 18 қараша күні онлайн-форматта өтіп жатыр.

Фестивальге 12 елдің өкілі қатысуда. 2019 жылы Жапонияда өткен ABU TV Song Festival ән фестиваліне Димаш Құдайберген қатысып, өз өнерімен көпшілікті тамсандырған болатын.

AMRE-нің халықаралық ән фестивалінде таныстыратын «Өмір - теңіз» әнінің жаңа бейнебаяны әлемге аты шыққан Шарын шатқалында түсірілді. Туындының концепциясы өзінің терең мағынасы мен философиялық мәні жағынан көрерменге ой салары анық. Ол туралы жоба продюсері Бақытгүл Төрехан: «Мұндағы режиссердің ойы – қазіргі кездегі індет пен адамның қиын сәттері. Кез келген адам қиын сәттерде өзгемен емес, өзімен-өзі күреседі. Арпалыс кезінде біреулер қиындыққа төзе алмай жатса, енді бірі керсінше барлығын жеңіп шығады. Басты кейіпкеріміз өзінің жігерлігінің, еңбекқорлығының арқасында індет пен қиындықтарды артта қалдырып, жоғары шығады», – деді.

Сонымен қатар «Хабар» Агенттігінің бастамасымен AMRE-нің жаңа «Өмір – теңіз» әні Еуропалық хабар тарату одағы Еуропалық музыкалық ән жинағының бесінші шығарылымына енетін болды. Жоба аясында қатысушылар еуропалық танымал орындаушыларымен бірлесіп ортақ әлеуметтік тақырыптағы музыкалық жинақ шығарады.

Биылғы ән жинағы COVID-19 пандемиясы салдарынан музыканың әсерлі ықпалымен шығу, әлемнің қалыпты өмір салтын қалпына келтіруде оптимистік жігер сыйлауға арналған.