«Өзгерістер кезеңі» атты көрме елордада ашылды

«Өзгерістер кезеңі» атты көрме елордада ашылды

Елордада өткен «Өзгерістер кезеңі» атты көрмеде жас суретшілердің 50-ден астам туындысы қойылды. Шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылғанын айта кеткен жөн. Көрме өзінің жанрлық алуандығымен, суретшілер қолданған материалдардың әмбебаптығы, оның ішінде қарапайымнан бастап күрделіге дейін қамтылғанымен таңғалдырады. Қолданылған материалдар қатарында май, қағаз, мата, темір, сым және өзге де фурнитура бар. «Авторлардың ұсынған жұмыстарының әрқайсысы еркіндік пен даралыққа толы», – дейді ұйымдастырушылар. Олардың айтуынша, дәл осы қасиеттер тәуелсіздік кезеңінде дүниеге келген жас өнерпаздарға тән.

Гүлбану Жұрқабаева, Нұр-Сұлтан қаласы Жас суретшілер одағының төрайымы:

- Өнер, жалпы картиналар бұл – шежіре, тарих. Авторлар өз картиналарын салу барысында бастарынан қандай сезім өтіп жатыр, соны бейнелейді. Яғни олар елде орын алған барлық оқиғаға, түрлі тақырыптарға өз көзқарастарын өнер арқылы көретеді. Осылайша не айтқылары келетінін көрерменге жеткізеді.