Қазақстанның әлемдік аренадағы мәдени жетістіктері

Әлемде коронавирус салған әлекке қарамастан 2020 жылы Қазақстанның мәдениет саласы айтарлықтай табысқа жетті. Әлемдік аренада танымал Димаш Құдайберген, Скриптонит, Нұрлан Сабуров сынды жас әрі талантты өнерпаздар қатарына бірнеше жаңа есім  қосылды.

Соның бірі ақсулық диджей және музыкалық продюсер – Иманбек Зейкенов. Оның Roses әніне жазылған ремиксі Grammy сыйлығына ұсынылды. Әйгілі Grammy-дің қарапайым қазақ баласын өз номинациясына қосуы бірінші рет. Айта кетейік, аты аңыз сыйлықтың нәтижесі қаңтар айының соңында шығады.

Саф талантымен Қазақстан халқын ғана емес, әлем елдерін таңдай қақтырған жас жұлдыздар шоғыры бір бөлек. Мысалы, 14 жастағы Данелия Төлешова Американың Got Talent байқауына қатысып, жартылай финалға дейін жеткен еді.

МАЙРА ІЛИЯСОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ:

Жалпы 2020 музыкалық бағытта жұлдыз жауған жыл деп айтамын. Кішкентайлардан бастайын – Максим Ержанның өтуі, Данелияның өтуі.. Әрине, таланттардың барлығы кішкентай кезінен басталады ғой, біздің болашақтарымыз. Біздің мәдениетіміз өрлеу үстінде, бір ғана Димашымыздың өзі бүкіл әлемді таңғалдыруы, бүкіл әлемнің мойындауы керемет дүние деп ойлаймын. Сондықтан Димашымыздың артынан біздің балалар жарқырап шығып жатыр.

2020 жылдың тағы бір есте қаларлық есімі – Қарақат Башанова. Өзі кішкентай ғана болса да, өнері үлкен өнерпаз Junior Eurovision ән байқауына Қазақстан атынан қатысып, жүлделі екінші орынға ие болды. Пандемияға байланысты байқау онлайн форматта өткенін айта кеткен жөн. Байқауда Қарақат «Forever» әнін шырқап, көпшілікті мойындатты.

Өткен жылдың соңы, биылғы жылдың басы q-pop жанрының негізін қалаушы, әйгілі Ninety one тобы үшін де жемісті болды. Олар танымал BBC News халықаралық қоғамдық ақпарат арнасына сұхбат берді. Әйгілі арнаның дайындаған материалында топ құрамының құрылуынан бастап, өнер жолында кезіккен қиыншылықтары туралы айтылған. Әйгілі арнамен топ арасындағы сұхбат электронды почта арқылы хат алмасу түрінде жүргендігін атап өткен жөн. Айта кетейік, 91 тобы 2015 жылы құрылды. Бүгінде өз жанкүйерлерін жаңа туындыларымен қуантып жүрген топ, ютуб арнасының трендінен түспеуде.