«Жасырын неке» операсы елордада сахналанады

«Жасырын неке» операсы елордада сахналанады

«Астана Опера» театрында кезекті премьера. Елордада алғаш рет Доменико Чимарозаның «Жасырын неке» операсы сахналанады. Туындыны қоюшылар оны көрерменге ерекше мәнерде жеткізуге ден қойған. Бұл ең алдымен сахнаны әрлеуге қатысты. Әсерлі декорация калейдоскоп негізінде құрылған. «Сондай-ақ алып жасанды шаш үлгілері де көптің көңілінен шығуы тиіс», – дейді мамандар. Қойылым өткен дәуірге саяхат жасатады. Партияларды Талғат Ғалеев, Алдынбек Әбілдә, Евгений Чайников, Ержан Саипов, Әсем Сембина, Салтанат Ахметова сынды өнер ошағының сахна саңлақтары сомдайды. Олардың сөзінше, танымал қойылым бұл жолы өзге қырынан танылып, жаңа мәнерде ұсынылады.

Абзал Мұхитдин, қоюшы дирижёр:

- Бұл жерде басты партиялар жоқ. Қойылымда барлығы – негізгі партия. Бұған дейін қойылған «Жібек баспалдақ» және «Дон Паскуале» сынды үлгілерінен өзгешерек болады. Ол ең алдымен үлкен көлемдегі ансамбльдер. Олар музыкалық жағынан қойылымды біршама түрлендіре түсті.

Алла Симонишвили, қоюшы режиссер:

- Бұл өте шынайы және көңілді спектакль. Актерлер кәсіби шеберліктерін таныта білді, олар шынымен тек әнші емес, сонымен қатар тәжірибелі актерлер. Комедиялық жанрдағы қойылымдарда бұл аса қажет, сондай-ақ берген тапсырманы мүлтіксіз орындайды. Сомдайтын кейіпкерлерінің образына жақсы ене біледі. Бастысы оны көрерменге жеткізу. Театр қонақтары мұның барлығына өздері куә болады деп ойлаймын.