Ұлттық музей елордалық балалардың білімін жетілдіретін орталық ашты

Ұлттық музей елордалық балалардың білімін жетілдіретін орталық ашты

ҚР Ұлттық музейінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Менің Қазақстаным» атты мәдени-білім беру және экспозициялық орталық ашылды. Орталық елордалық балаларды ел тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрімен жақынырақ таныстырып, сондай-ақ олардың бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер саласындағы практикалық дағдыларын қалыптастырмақ. Музейдің педагогика және балалар шығармашылығы бөлімінің жетекшісі Гауһар Қасиқызының айтуынша, жоба 3-4 жыл көлемінде талқыланып, соңғы 6 айда қызу дайындықпен әзірленген.

Гауһар Садыбай, ҚР Ұлттық музейінің педагогика және балалар шығармашылығы бөлімінің жетекшісі:

- Бұл орталықты ашудағы мақсатымыз – балалардың білімін, тарихқа деген қызығушылығын арттыру. Қазақстанның тарихы, географиясы, ұлттық ойындар, қару-жарақтар, кітапхана сынды 10 түрлі аймақтан тұрады. Бұл орталықты ашу үшін шамамен жарты жылдай жұмыс жүргізілді. Осы балалар орталығын ашу біздің үлкен мақсатымыз болған.

Айта кетейік, орталыққа 3 жастан 15 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Қазіргі карантиндік шектеулерге байланысты мәдени орталық 20 балаға дейін қабылдай алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, эпидемиологиялық жағдай жақсара түскен кезден бастап келушілер санын арттыру көзделіп отыр.