Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елордада 800-ден астам шара өтеді

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында республикалық деңгейде түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Тек елорданың өзінде осы мерейтойға орай биыл 800-ден астам іс-шара жоспарланған. Олардың 200-ден астамы халықаралық және республикалық маңызға ие. Оның жартысына жуығы атқарылып үлгерген. Мерекелік бағдарлама мәдени, спорттық және қайырымдылыққа бағытталған игі шараларды қамтиды. Оның аясында бас шаһарда түрлі іскерлік, қоғамдық нысандар мен сауық құру орындары жаңадан бой түзеп жатыр. Ел егемендігін айшықтайтын шаралар жыл бойы жалғасын табатын болады. Барлық санитарлық талаптар қатаң ескерілген.

Дәурен Бабамұратов,  Нұр-Сұлтан қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Жыл соңына дейін де бұл шаралар әрі қарай жалғасады.  Ең үлкен, ең маңызды іс-шараларымызды Тәуелсіздік күніне қарай, яғни желтоқсан айында ұйымдастырамыз деген ойдамыз. Тағы басқа жоспарлар, жобалар толықтырылуда. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты қоғам өкілдерінен, азаматтардың тарапынан тағы да басқа ұсыныстар атқарылуы керек, атқарайық деген секілді ұсыныстар келіп түсуде. Бұлардың барлығын қарап, саралап, санитарлық нормаларға сәйкес келетін іс-шаралардың барлығын осы шаралардың тізбегіне қосуға тырысып  жатырмыз.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов