Елбасы туралы фильм Мәскеуде көрсетілді

Мәскеуде Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы деректі фильмнің премьераға дейінгі таныстырылымы өтті. «Qazaq. Алтын адам тарихы» картинасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әйгілі америкалық режиссер Оливер Стоунға берген сұхбатына негізделген.

Фильмде Елбасының өмірі мен елдің тәуелсіздікке қол жеткізу жолы, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуы, ядролық арсеналдан бас тарту сынды маңызды саяси шешімдер мен елеулі тарихи оқиғалар туралы баяндалады.

Айта кетерлігі, картинаны түсіру жұмыстары 2019 жылы басталған. Жобаны толықтай аяқтау үшін екі жыл уақыт қажет болды. Авторлардың айтуынша, картина Рим кинофестивалінде көрерменге таныстырылады. Сондай-ақ Канн қаласында арнайы көрсетілім бағдарламасына енгізу көзделген.

Павел Солодовников, көрермен:

- Менің Қазақстан тарихы туралы хабарым аз еді. Әрине, маған бұл фильмде айтылғанның барлығы қызықты болды. Әсіресе бала кезімнен есімде қалған мемлекеттік төңкеріс, Кеңес Одағындағы оқиғаларға басқаша көзқарас тұрғысынан қарау өте қызықты болды.