Тәуелсіздігі жылдарында қазақ театрлары жеткен жетістіктер

Қазақстан алдағы жылы тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлайды. Бұл – айтулы дата. Дәл осы 30 жылдың ішінде еліміз түрлі салада жетістіктерге жетті. Соның бірі әрі бірегейі театр саласы. Қазіргі таңда еліміздің ірі қалаларында аты жер жаратын театрлар бар, оған қоса жыл сайын қала/аудандарда жаңа жас театрлардың ашылып, өнер ордаларының қатарын толықтыруда. Тәуелсіздік күні қарсаңыңда елордада тұсауы кесілген су жаңа театрдың директоры Асхат Маемировтің айтуынша, ықылым заманнан театр адамзатты тәрбиелеу құралы болып келеді.

АСХАТ МАЕМИРОВ, «МУЗЫКАЛЫҚ ЖАС КӨРЕРМЕН» ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Б - іздің тамырымыздың барлығы өнерде жатыр. Соның ішінде, әсіресе, театр – ешқандай шекараны қажет етпейтін дүние. Біз бұрын Кеңестер Одағы кезінде әрбір облыс орталығында қазақ драма театрларын аша алмадық. Тәуелсіздік алғалы өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді деп айтсақ та болады. Неге? Себебі театр бұл адамзатты тәрбиелейді, көрермендерге рухани-эстетикалық тәрбие беретін үлкен бір тағылым ордасы.

Тәуелсіздік театр өнеріне де тың серпіліс сыйлағанын атап өткен жөн. Тарихтың ақтаңдақтары жайлы айтылып, тарихи тұлғалардың образы қалыптасты. Қазақ өнерінің құлашы кеңге жайыла бастады. 

АЙГҮЛ ИМАНБАЕВА, АКТРИСА «А.И» ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктер ауыз толтырып айтарлық жетістіктер баршылық. Өйткені қазақ театрлары шетелдік үлкен фестивальдерде, байқауларда төбе көрсетіп қана қоймай, жүлделі орындарға ие болып, бас жүлде, бірінші орын деген жүлделерді байлап әкеліп жатқан жайы бар. Ол – біздің тәуелсіздік алған жылдардағы жетістігіміздің бірден бір айғағы.